Жаңа заманның іргетасы: Экономика мен әлеуметтік саланың басты жеңістері

«Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл» – бұл Қасым-Жомарт Тоқаев тұтас ұлт тағдырын жауапкершілікпен өз мойнына алған кезеңде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси даму моделінде жүзеге асқан ауқымды әрі жүйелі жаңғырудың айқын көрінісі.

Осы жеті жыл ішінде Қазақстан күрделі жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, тұрақтылықты сақтап, орнықты даму жолына нық қадам басты.

Соңғы жеті жыл Қазақстан үшін тағдыршешті кезең болды. Әлемдік пандемия, геосаяси тұрақсыздық, экономикалық қысым жағдайында еліміз тек тұрақтылықты сақтап қана қоймай, сапалы жаңғыру жолына түсті. Бұл – жүйелі реформалардың және нақты нәтижеге бағытталған саясаттың жемісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев басшылығымен экономиканың құрылымы өзгерді. Бұрынғыдай шикізатқа тәуелділік азайып, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салалары негізгі өсім драйверіне айналды. 2025 жылы ЖІӨ өсімі 6,5 пайызға жетті, ал жан басына шаққандағы ішкі өнім 15 мың долларға дейін өсті. Бұл – нақты сектордың күшейгенін көрсететін айқын көрсеткіш.

Ауыл шаруашылығы екі есеге жуық артты. Суармалы жерлер кеңейіп, агроөнеркәсіп кешені жаңғыртылуда. Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі нығайып, экспорттық әлеуеті кеңейді.

Инфрақұрылым жаңарып жатыр: мыңдаған шақырым автожол мен теміржол салынды және жөнделді, порттар мен әуежайлар жаңғыртылды. Энергетика саласында ауқымды модернизация жүргізіліп, электр энергиясын өндіру көлемі тұрақты өсімге шықты. Бұл – экономиканың ұзақмерзімді дамуына берік негіз.

Әлеуметтік салада да нақты нәтижелер бар. Жүздеген мектеп пен медициналық нысан салынды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы арқылы әр баланың болашағына инвестиция жасалуда. Өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті. Білім мен денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат еселеп артты.

Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жаңа кезеңнің басымдығына айналды. Мемлекеттік басқару жүйесі тиімді, ашық және сервистік модельге көшуде.

Бұл жеті жыл – дағдарыстан даму кезеңіне өткен уақыт. Біз экономиканы әртараптандырдық, әлеуметтік тұрақтылықты күшейттік, институционалдық реформаларды жүзеге асырдық. Ең бастысы – болашаққа сенімді негіз қалыптастырдық.


Жарияланды: 06.03.202608:06

Автор: